Көшпенділер

Д.Мәсімхан
Д.Мәсімхан

І.Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі.
І.Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел бұл эпопеяның алғашқы бөлігі «Көшпенділер» трилогиясы еді. «Көшпенділер» трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Оқиға бүгінгі шекаралық аймақ тұрғысынан қарағанда, Алтайдан атырауға дейінгі шығыс пен батыс аралығы, Батыс Сібір ойпаты және Самарқан мен Сырдарияға дейінгі солтүстік пен оңтүстік аралығын қамтитын географиялық аймақта өтіп жатады.
Шығарма кейіпкерлері – негізінен, тарихи тұлғалар, Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы – ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.
«Көшпенділер» трилогиясы – партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген, артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып, қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының жеңісі еді.
«Көшпенділер» қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі – коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Көшпенділер» романындағы тарихи дерек көрінісі
Жазушы үшін тарихи фактілер, болған оқиғалар, тарихи тұлғалар алғашқы негіз ғана. Ол турлы көркемдік әдістердсн, шартты түрде суреітеу тәсілдерінен бой тарта отырып, өмірдің өзіндегідей етіп жазғанының өзіне ол тарихта болғандағыдан өзгеше болып шығады. Ол тарихи шындықты калпына келтіре отырып, оны көркем түрде қайта туғызады.
Халықтың өткені көптеген тарихи романға таусылмас деректеме береді. Ол – бүгінгі тұстастарымыздың түсінігі мен танымының тарихи қалыптасу сипатын көрсететін жәй. Кеңестік дәуірде дүниеге келген тарихи роман бүгінгі таңда өзгеше және байсалды, тереңірек үңілуді талап етеді. Ол бабалар тұлғасын пайымдап, ұмытылмас бейнесін, лайықты ерлік істерін – салыстыруға мүмкіндік береді, қазіргі және болашақ ұрпақтарды тәрбиелеу үшін қызмет етіп өмір сүреді. Тарихи тақырыпты игерудегі көркемдік сипаттың бірі де осы.
Әдеби теориялық және эстетикалық бағаның даму барысында қалыптасқан теориялық категориялар «көркем қиял» мен «көркемдік болжам» өнердің әр дәуірдегі даму процесіндс күшті өзгерістерге түсетін құбылыс екені белгілі. Өнертанушы мамандардың айтуынша, қиял -суреткердің реальды шындықты дәл өмірдегідей, өмірді қаз-қалпында суреттеуден ауытқу құралы. Ал болжам – тарихи шындықты көп әсерлемей, негізін сақтай отырып суреттеу тәсілі [1].
Әдебиет жатйлы айтылған пікірлердің тарихына көз салсақ, сонау қайта өрлеу кезеңінен бастап, өнер танушылардың әлемдік өкілдерінің пайымдауынша көркем образ жасаудың бірден-бір тәсілі – сол қиял. Бұл орайда тарихи романдардың дүниеге келуіне байланысты көркем қиял мен болжам жөнінде арнайы әңгіме ету – уақыт талабы. Ол жөнінде пікірталастар әлі күнге толастаған жоқ. Бұдан былай да жалғаса берері сөзсіз. Өйткені дүниеге келген әрбір нағыз көркем шығарма өзінше әлем. әр үлкен суреткер көркем қиял мен болжамды пайдаланудың өзінше үлгісін жасамақ. Осыған байланысты әр шығарма жөнінде сөз еткен кезде зерттеушілер өзінше жаңа бір әлемге кез болып, жаңа ойлар айтады, тың тұжырымдар қорытады. «Бұл құбылыс халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған тегеурінді дарын» [2] – І.Есенберлиннің тарихи эпопеясына да тән.
Тарихи роман жөніндегі зерттеулердің байыптауларына көз |6| салғанда байқауға болады. Яғни, оларда шығармадағы көркем қиял мен тарихи шындықтың арақатынасы мәселесіне ылғи да назар аударылып отырады. Бұл жұмыстарда «қиял мен болжамның жалпы теориясы, оның әдебиеттегі рөлі, жанрдың типологиялық белгілерін анықтаудағы қызметін пайымдауға талпыныс жасалады.
Көркем қиял – дүниені өнерде, өнер әлемінде бейнелі түрде танудың өзіндік құралы. Өмірлік негіз бен көркемдік қиялдың тоғысынан тұратын көркем образ өнер құбылысы болып табылады.
Бұл тұрғыда көркем қиял – өнердің табиғатын анықтайтын басты сипат. Сондықтан да шығарма жазуда жазушы өзінің творчестволық қиялында жүйелі образ туғызуды, содан соң барып оны көркем бейнелеуге қажетті тәсілді таңдайды. Айталық жазушы өзінің шығармасына өмірде нақты болған тарихи тұлғаны кейіпкер етіп алып, жазып отырған күннің өзінде, сол тарихи адамның сипатын шығармаға өмірде болған күйде көшірмейді, оның басты қасиеттері, өміріндегі үлкен әрекеттерін негіз ете отырып, өз прототипін көркемдік құралдың құзырына бағындырып, жаңа әдеби тұлға жасайды. Көркемдік болжам тарихи шығарма табиғатына етене жақын, алайда, көбіне құжаттык шығармаларға тән болып келеді. Бұл категориялар жайында белгілі әдебиетші А.П.Александрова өз ойын былайша білдіреді: «Көркем қиял шығармаға тарихта болмаған жеке эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-қимылы аркылы енеді, сонымен қатар романның құрылымы, оның образдарының жүйесі типтендірудің мәні объективті шындықтың субъективті бейнесін жасауға бағынады. Көркем қиял жазушының шығармашылық қиялының негізінде жатыр, мұнда көркем болжал бар және сонымен коса жасалған әлемнің мәнін айқындауға бағынады. Автордың реалды шындықтың кейбір фактілерден ауытқуы (олар жайлы сөз қозғамау, жанама фактілерді суреттеуде хронологиляық тізбекті өзгерту т.б.) бұл тарихи кейіпкердің мінезіндегі кейбір қырларын күшейту, не бәсеңсіту, тарихи кұжатқа шығармашылық жағынан жақындау – мұның бәрін көркем болжал деуімізге болады»[3,136-б.]
Тарихи романдар тәжірибесінде құжаттарды пайдаланудын екі тәсілін айрықша айтуға болады. Бірінші тәсілде құжаттық факт композициясы элементіне айналып, суреттеліп отырған дәуірдің кең картинасын бедерлеуге кызмет етеді. Тарихи романды басқа құжатқа негізделген басқа өнер шығармаларынан, сондай-ақ ғылыми еңбектерден ерекшелейтін тәсіл де осы болып табылады. Екінші тәсілде де құжат таза күйінде немесе сәл көркем қорытылып шығармаға енгізіледі де композиция элементі ретіндс кызмет атқарады.
Тарихи құжат қаламгер үшін сол кезеңнің кейбір белгілерін танытуға ғана керек болғандықтан, бұл тұста құжат фактілері суреткер қиялында қорытылып, шығарманың идеялық мұратына бағындырылады. Бұл тәсіл аса сақтықты, шеберлікті керек етеді. Өйткені, құжаттан өзгертілмей алынған жалаң үзінділер, құрғақ фактілер шығарманың көркем табиғатына нұқсан келтірмеуі ләзім.
Алайда, бұл екі тәсіл әр шығармада өзінше сипатқа ие болып, іштей түрленеді, өзіндік бір көркем күйге енеді. Осы тұрғыдан келгенде көркем шығармаларға пайдаланған тарихи деректер мен қаламгер қиялы арқылы өзгеріске түсіріп немесе жетілдірген көркемдік шеберліктің жігін ажырату әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселенің бірі болып табылады. Бұл мәселе – ежелден келе жатқан, болашақта да жалғаса беретін шексіз, қызық та күрделі, мәңгілік проблема. Тарихи шығармадағы тарихилық пен көркемдіктің ара-қатынасын пайымдау, ол – жазушының шеберлік кырын ашу. Қазақ әдебиетінің тарихында тарихи романның жаңа үрдіс, өнегесін әкелген І.Есенберлиннің «Алтын Орда» және «Көшпенділер» трилогияларының да тұтас табиғатына осы тұрғыдан көз салған жайда, бұдан өзге талай қызық мәселелердің қылаң беретінін байқаймыз. Қос трилогияның қамтыған кезеңі бірер жыл емес. Тіпті белгілі бір тарихи кезең де емес, жеті жүз жылдық тарихты, қазақ халқының қалыптасуы мен қабырғалы ел болғанға дейінгі сан түрлі уақыттардың тоғысы көрінетін әлденеше ғасыр оқиғасы суреттеледі. Бұл кезеңдсрге қатысты тарихи деректер, фактілер түрлі құжаттар, ауызекі мағлұматтар жеткілікті екені де белгілі. Сырттай қарағанда, сол ұланғайыр деректерді шығарма табиғатымен салыстырса болды зерттеуші жүгін жеңілдете түсетін тәрізді көрінгенімен, олай емес. Бұл жолдағы іс-әрекеттің күрделі сипаты мынада.
Ең алдымен қазақ халқының көне тарихына қатысты деректер әлі күнге жүйеге түсіп, толық жарияланған емес. Жаңа-жаңа қолға алына бастағаны да көпке аян. Оның үстіне көпшілігі араб, парсы, шағатай тілдерінде, орыс, қытай жылнамалары мен көне түркі, араб жазуларындағы қолжазбаларда. Тіпті бертіндегі ХVIII-XIX ғасырдағы орыс ғалымдары жазбаларының өзін бұл күнде тауып оқудың өз қиындық түсіретіні белгілі.
Бұған қоса, әр кезеңдегі саяси көзқарастар мен тұрпайы социологиялық танымдардың әсеріне байланысты бұл деректердің барлығы ғылым көзімен әлі күнге толық сараланып, лайықты бағасын ала қойған жоқ. Осылайша көптеген ұлы оқиғалар «жабық тақырыпқа» айналып, тарихи тұлғалардың аттарын ұмытуға басты себеп Кеңестік солақай саясаттың салқыны еді.
Көркем шығарма-тарихтың көшірмесі немесе баяны емес, ол жаушы санасында қорытылып, екшеліп, өзінше басқа түрге енген творчество жемісі. Яғни, ол кейде тарихпен сәйкес келе бермейтін, тарихты сол қалпында қайталамайтын, алайда, сол өткен тарихты оқушы көз алдына елестетіп, қайта тірілтетін, өзінше сөйлететін өзгеше жеке бір құдіретті әлем. Бұл орайда Алексей Толстой айтқан жолдарда үлкен мән жатыр: «Әрбір жазушы уақыттың конденцаторы» [4,109-б.], – дейді, ол. Алексей Толстойдың бұл ойы тарихи романдарға тікелей қатысты айтылған. Өйткені тарихи романдарда фактілер қорытылып қана қоймайды, өткен кезең оқиғалары мен құбылыстар бір шығарма кезеңіне тоғыстырылып, тарих шындығымен сәйкестендіріледі.
Сондай-ақ ол бүгінгі кезең талғамынан шығып, болашаққа қызмет етуге бағытталады. Тарихи романдарда уақыт белгілі эстетикалық мәнге ие болады. Ал, уакыт – тарихи романдар композициясының адам мен уақыт қарым-қатынасының өмірлік оқиғалар түріндегі маңызды элементі.
Бұл ретте көркемдік құралдардың барлығы да адамдар санасында белгілі объективті бағасын алған, құжаттар мен халық жадында сақталған нақты тарихи кезең табиғатын ашуға бағыңдырылады. Оған құбылысты көркем бейнелеудегі авторлық көзқарасты қосыңыз. Объективті және субъективті ұстанымдардың өзінше тоғысы тарихи романдардың өзіндік ерекшелігін белгілейді. Әрине, мұндай тоғыс әдеби шығармалардың қай-қайсысына да тән. Ал, тарихи шығарманың ерекшелігі сонда, оның объективті тұғыры практикада белгілі болғаннан кейін алған деректерге негізделеді. Бұл орайда нақты фактілерді басшылықка ала отырып ұқсас бір тарихи мәселеге ұқсамаған қорытынды шығарып, бөгде көқарас білдіреді. Мұнай пікір-танымдардын болуы оның түп тамыры каламгердің өзіне ғана тән субъективті санасында жатыр. Бұл құбылыс әрбір жекенің тарихқа деген көзрқарасын калыптастыратын ұйтқыға айналуы мүмкін. Тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушының тарихқа деген субъективті көзқарасы таным түрінде айқын аңғарылуы ықтимал. Философиялық таным – субъектінің дүниеге көзқарасын, тіршілік жөніндегі танымын, этикасын қамти отырып субъектінің дүниеге қоғамға кісілік өмірге ұстайтын позициясының жиынтығын меңзейді. Демек, бұл таным – объективтік танымның өзегі деуге тұратын таным. Тарихи тақырыпқа барған жазушының танымы субъективтік сана құрылымындағы барлық танымдық факторлардың ішінде негізгі жетекші орында тұрады. Ол субъектінің өзге де танымдық факторларымен әдеттегі салалас қатыста ғана емес, түптеп келгенде, олардың бәрін меңгеіп тұрады. «Субъектінің күллі танымдық құрылымының бәрі түгелімен осы философиялық танымның менгеруінде, жетегіндс» [5,55-б.] болады. Әсіресе, кейбір ірі тарихи мәселелерді қозғағанда және жалпы тұлғалық, макролық танымдық әрекеттер барысында қандай философиялық көзқарастың болуы субъектінің танымдық қорытындысында аса шешуші мәнге ие болады. Яғни, философияда тарихтың болмауы мүмкін еместігін көрсетсе, ол тарихи зерттеу мен тарихи туындыда философияның болмауы кисынсыз екенін дәлелдейді. «Шығармада баяндалған фактілерді соған сәйкес құжаттармен, тарихи деректермен салыстыру – белгілі дәрежеде тарихи шығармалардың объективті негізін ашуға мүмкіндік беретін сипат. Алайда ол қыруар еңбекті қажет ететін, тарихи деректі образ, әлеміне айналдырудағы жазушының қиял қарымын байыптау, оның өзінің айтайын деген түпкі ойына бағындыру, шеберлігін айқындай білуді керек ететін нәрсе. Бұл орайда әңгіме тарихи шындықтың көркемдік шындыққа айналудың авторға тән ерекшелігін саралауда болып отыр. Ал субъективті негіз көзге ұрып байқалып тұрмайды. Ол шығарманың- бүкіл құрлымын анықтайтын мазмұнға кірісіп кетеді. Шығарманың субъективтік негізін түсінбей тұрып әр кезең өкілдерінің өзінің творчестволық әдіс-тәсілдеріне лайық тарихи қаһармандар мен оқиғаларды түсіндіру сипатын ашу оңай шаруа емес. Нақты бір оқиғаға яки тарихи тұлға жөнінде жазылған шығармалардағы әркелкі бағалардың да негізі осында жатыр.
«Көшпенділер» трилогиясы-хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Трилогияның жанры жөнінде кезінде қазақ ғалымдары, роман жанры бойынша терең зерттеулер жүргізген Р.Бердібаев [6,142-б] пен Ш.Елеукенов [7,108-б] еңбектерінде «роман хроника» деп анықтама берілген. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Сонымен қатар, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстар да жеткілікті. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар, басты қаһармандар тарихта болған, белгілі деректерде сақталған. Шығарма табиғатынан бір айқын аңғарылатын нәрсе, жазушы шығарма жазуға үлкен дайындықпен келгендігі. Яғни, ол әр кезеңдегі тарихи деректер мен мағлұматтарды мол жинаған, ғалымдар еңбектерін барынша оқып танысқан, тереңдей зерттеген. Рас, кезінде шығармадағы тарихи деректердің молдығы, автордың сол тарихи мағлұматтарды кейде сол қалпы өзгертпей қолдануы, дерек жетегінен ұзап шыға алмай қалатындығы трилогия табиғатындағы басты кемшілік ретінде танылып сын айтылған. Шығармада Батудың Венгер короліне жазған хаты, Лаврентьев шежіресіндегі деректер жөнінде (30 бет), араб жазушысы Абу-Аль Фи жөнінде (47 бет) айтылып, мағлұмат келтіреді. Ал, кейде Рашид-Ад-Дин сияқты тарихшылар еңбектерінен үзінділер келтіріледі /64 бет/.
Мәскеуге алып келіп, Ноғайлы елінің билерін өлім жазасына бұйырып, «Джамши-әл-тарихиды» жазған Жалайыр Қадыр Әлі мен Оразмұхамедті тірі қалдырады /390-бет/. Тарихи Рашидиде: «Кімде-кім өзгеге ажал азабының шәрбатын қанша ішкізсе, өзі де сол удан соншалық ішеді» /294-бет/. «Оның «Дешті Қыпшақтың» елдік, жауынгерлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін бүкіл Шығысқа жайған әулетті шағы еді» /293 бет/. Олар «Шайбани-намеде» айтқандай, «келіңіз, бұл үйде ешкім жоқ» деп хат жазып, кісі жібереді /256-бет/ деген сияқты автор өзі дерек алған шығармалар жөнінде мағлұмат беріп, керегінше роман сюжетіне пайдаланған материалдардың негізіне бағыт сілтеп отырады. І.Есенберлин ақтарған тарихи деректердің оқырманға бірден белгілі болып айқындалып тұрған бөлігі осы болса, ал оның көркем шығарма өзегіне сіңіп кеткен мол бөлігінің дерегін табу қиынның қиыны. Бұл тұста жазушының тарихқа ұстанатын субъективтік санасының бір саласы – білім негізі тұрғысынан келсек, тарихи тақырыпқа барушы І.Есенберлиннің іздену, зерттеу барысында жинақтаған білім деңгейін пайымдауға болады. Білім негізі дегеніміздің өзі-бір адамның білім қабілеті, білім құрылымы, сондай ақ сол білім өрісінде қол жеткізген ойлау формасы, таным-тағлым қуаты. Бұл түйінді одан әрі таратар болсақ , білім қабілеті дегеніміз – субъектідегі бар білімнің өз саласын зерттеуге сәйкестендірілген, қажетті қалып; ойлау формасы дегеніміз – субъектінің білімді иелеу, білім құрылымын қалыптастыру барысында тауып алған ойлау әдісі яғни, ол белгілі бір білім қабілеті білім құрылымымен байланыста болады, әрі оны өзіне негіз етеді; ал таным-талғақуаты дегеніміз – субъектінің қабылдау, түсіну, қолдану және жаңа ұғымдар тарату қарымы деген сөз. Міне осы факторлар өзара кіріге келіп, өзара ықпалдасып, қосылып келіп, танымдық субъектінің өзіне ғана тән білім негізін айқындайды.
Сондықтан жоғарыда сөз болған философиялық көзқарас пен саяси тұрғы субъектінің танымдық қимылына бағыт-бағдар беріп отыратын болса, білім негізі субъектінің танымдық табысының ғылымилығына негіз қалап береді. Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармашылық әлемін талдау барысында бұған айқын көз жеткізуге болады. Қайсар мінез, қажырлы еңбек тұңғиық білім негізімен ұштасқан жазушы болмысын танимыз. Жазушының баяндау тәсілі, кейіпкер толғанысы, психологиясы арқылы берілетін ой қорытулар, философиялық түйіндср осыны көрсетеді.
«Ажал – үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Калың бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?» [8,6-б]. Бұл сол әлемді тітіркенткен, кара жерді қайысқан қолмен солқылдатып, қанмен суарған Шыңғысханның ұрпағы Әбілқайырдың монологы.
«Әбілқайыр ірбіз терісінің үстінде аунап түсіп» [8,6-б] толғанып жатыр. «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» Дешті-Қыпшақтың бағы тая бастаған жеке билеушінің осы ішкі толғанысымен басталады. Ел басқарудың тауқыметі жанын жегідей жеп, ауыр ойға батып отырған Әбілқайырды көреміз. Романның сюжеттік желісіндегі өне бойы тамыр тартып таралып кететін болашақ ұлы оқиғалардың негізгі көзі – осы Әбілқайырды ішқұстаға салған толғаныс, Шиеленіскен түйіннің шешімін таба алмай, шерменде болған Әбілқайырдың арғы-бергі ата-баба дәстүрін ойға түсіріп, толғанысқа берілу сыры романда былайша суреттеледі: «Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ ордасын бөліп алам деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірінің жан алқымынан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуға тиіс емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар» [8,15-б] – деп, сыр сабақтайды автор Әбілқайыр хан мен Жәнібек сұлтан арасындағы тартыс жайында.
Ал осы тартыстың түп-тамыры қайда жатыр? Жәнібек, Керей әрекеті Әбілқайыр Шыңғыстан бастап ата-баба тарихын еске түсіре отырып ой түйіндегеніндей, билік үшін күрес, таққа талас қана ма? Кейін бүкіл бір мемлекеттің құрылуының, халық болып қалыптасуының басьнда тұрған азаматтар туралы Әбілқайыр ханның ой қисыны өзінің жеке билеушілік пиғылының көрінісі екені оқиға желісінде байқалып отырады Жанжал сыры неден басталатыны романда былай көрсетіледі «Бұл мезгіл сонау Соғды жері мен Еділ өзенінің жағасына дейін Ұлы Дәшті Қыпшақ даласын жайлаған түркі тұқымдас елдердің екіге бөліне бастаған шағы еді. Шаруашылығына қарай Мауреннахр деп аталатын Жейхун мен Сейхун дарияларының ортасында тұрған түркі руларының көбі Күншығыс-Оңтүстігіндегі, түбі көшпелі ирандықтар, өзі тәрізді егіншілікпен шұғылданатын отырықшы Соғды елімен қауымдасып, өзбек халқының іргесін қалай бастаған. Ал, Сейхун дарияның орта шенінен төмен карай сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын, Жетісу бойындағы көне заманнан келе жатқан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ деп талпынған-ды. Осы кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр өз ордасын қазақ даласына тіксе де, жаулап алған жерлері сол Мауреннахр, Соғды, Қорасан жағы болғандықтан, көңілін көбінесе осы тұсқа аударған. Солардан қыз алып, Орда салтына да көбіне Мауреннахр елінің әдет-ғұрпына көшіре бастаған.
Қарамағындағы көшпелі елдерге адым-салықты көп салып, оны тек бөтен жұртты шабатын әскерге жұмсап, халықтың күйін нашарлатып жіберген. Және өзі де Дешті Қыпшақтың даласынан гөрі Мауреннахр шаһарларының бірін хан Ордасы етуді дұрыс көрген. Бұның бәрі көшпелі Дешті Қыпшақтың асау жылқы тәрізді, арда руларын ханнан шошытуға айналған. Өзінің шаруашылығын, дәстүрін, салт-ғұрпын – бәрін түбі Мауреннахр тұрғын елінің дегеніне қарай айналдырғысы келгенін сезген Дәшті Қыпшақ тайпалары енді Әбілқайырдан іргесін әрі салуды ойлаған. Осы тілектің туын көтерген басты адам – Жәнібек сұлтан» [8,13-б]. Дәл осы тұста өзімізге тұстас дәуірдің де елесі айқын көрініп тұрғанын айтқан жөн. Мемлекеттік табыстың үштен екі бөлігін әскери мұраттар үшін жұмсаған Кеңес кезеңі, ұлттық дәстүр, салт-ғұрыптан айрылмауға тырысқан 20-жылдардағы қазақ зиялыларының болмысы атой беріп тұрғандай.
Жәнібек пен Керей бастаған қазақ жұртының Әбілқайыр хан құрамынан жырыла көшу сипатын баяндайтын аңыздық желі мен тарихи еңбектердегі деректерге назар аударайық. Әуелі Шәкәрім қажы қағазға түсірген аңызды келтірейік: «1455 жылы әз Жәнібек немере інісі Шаһгерей ханменен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлуқ Темірханға қарады. Әбілқайырға өкпелеген себебін біздің қазақ былай айтады. Біздің арғындардың арғы атасы Дайырқожа ханның сүйікті қазысы екен, әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілқайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілқайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын алып бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткен» [9,22-23-б], — дейді. Белгілі жазушы, ғалым М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында да осы дерек дәл берілген [10,13-б].
Романның сюжеттік желісімсн аңыздық және тарихи деректерді салыстыра қарағанда, жазушы екеуін де өз ой мақсатына жаратқан. Жазушы тарихи деректен де, аңыздық деректен де алшық кетпеген, тек кісі аттарында ғана сәл өзгерістер байқалады. Шығармада осы деректерден өрбіп, дамыған жазушы болжалын айқын танимыз.
Осы деректердің романдағы көрінісіне көз жүгіртіп көрейік. «Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаумен Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысты берді» [8,174-б].
Осылайша, роман желісіне негіз болған жоғарыдағы дерек романда өзгеріссіз көрініс тапқан. Бірақ мәселе деректің көркем шығармада нақты көрініс табуында емес, тарихи еңбекте осы бірер сөйлеммен берілгсн тұжырымның жанды көрінісінің көркем туындыда қалай бейнеленуінде. Романдағы оқиға желісінің көп мөлшері казақ хандығының пайда болуының тарихи алғы шарттарын көрсетуге құрылған.
Жазушының жоғарыдағы мағлұматтарды пайдаланғанына шүба келтіруге болмайды, өйткені тарихи дерек, жазба құжаттар өзегіне көп бұрмаланбай, нақты көшкен. Қаламгер сол дерек, мағлұматтарды көркем шығарманың құрылымына ендіре, қиялда қорыта отырып өзінше дамыта пайдаланған. Қобыландының Дайырқожаны абайсызда өлтіруіне негізгі себеп ретінде, жазушы Қобыландының Әбілқайырдың қызы Гүлбаһрам-Патшайым сұлуға дәмеленуін келтіреді. Ал Ақжол би сұлудың сүйгені Саян батырды қашырып, көмек көрсетеді. Әрине, бұл әрлендіру мақсатындағы жазушы қиялының тарихи деректі дамуытуынан туған қисын. Алайда, осы бағыттағы жазушы ойына еріп, екі алыптың соқтығысының басты себебіне терендей үңіліп зерделесек, оның тізгіні хандар қолында жатыр екен. «Әбілқайыр Ақжол мен Қобыландының арасына астыртын шаң тастап шиеленістіре түскен» [8,95-б]. Ондағы мақсаты – енді ғана ұйып, одақтас болып келе жатқан Арғын, Қыпшақ руларының арасына жік салып, Керей мен Жәнібек одағын бұзу болатын. Әбілқайыр ойы белгілі дәрежеде іске асқанмен, түбегейлі мақсатына жете алмайды. Керісінше, Әбілқайыр әрекеті Жәнібек пен Керейге сылтау болады. Ақжол бидің өлімі қауға тиген оттай болып, Әбілқайыр теперішіне әзер шыдап отырған ел Жәнібек, Керей сұлтандардың соңынан үдере көшті. Бұл жерде жазушы тарихи деректер нсгізінде көркемдік әрлеуді дамыта тамаша пайдаланған. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, бұл кезеңді суреттегенде жазушыға М.Мағауин зерттеуінің септігі тигендігі айқын байқалады.
Романда Әбілқайыр Исанбұғы, Шайбани, Жәнібек, Бұрындық, Саян, Орақ сияқты батырлар, Асан Қайғы, Қотан, Қазтуған сияқты ақындар, уәзірлер, билер, білікгі әйелдер, қыздардың нақты бейнелері әр қырынан көрінеді.
«Алмас қылыш» романында Қотан, Қазтуған жыраулардың айтысы тарихи деректерге негізделген көркемдік болжалдың тағы бір үлгісін көрсетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, романда баяндалатын көптеген оқиға тұсында жазушы тарихи материалдарды өзгеріссіз пайдаланып сюжеттік желіні сол төңіректе өрбітсе, мұнда өзгеше өрнекті көреміз. Айтысқа түсуші қос ақын қазақ әдебиеті тарихынан ерен орын алатын белгілі жыраулар – Қотан, Қазтуған аты аңызға айналған Асан Қайғыға жазушы төрелік айтқызады. Тарихта болған үш бірдей творчество адамын бір мәселе төңірегінде тотайластыра отырып, автор олардың творчестволық лабораториясына үңіледі. Жазушы қолында олардың өз шығармаларын қалай, қандай жағдайда шығарғандығы жөнінде дерек жоқ екені белгілі. 60-жылдардан кейін әдебиеттану ғылым ашқан жаңалыққа сүйенгені, сол ғылыми зерттеу материалын пайдаланғаны сөзсіз. Сондықтан да творчестволық әрлеуге бой ұрады. Жыраулардың кейінгі уақытқа там-тұмдап жеткен өлең-жырларының табиғатына орай оларды өзінше сөйлетеді.
«Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол ең алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп, біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады…
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Жел толқытса шығады…
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады,
– деп басталатын ұлы толғауын осы жолы айтқанды» [8,50-б],- деп ел аузында жүргсн кейбір өлеңдердің шығу тегін осы оқиға төңірегінде тоқайдастырады. Оны Асан Қайғының аузына салады. Автор кейбір шығармалардың шығу жағдайын Қазтуған жырауға қатыстыІ көрсетеді. Осы тұста бір ескертетін нәрсе — Асан Қайғының толғауы ретінде берілген «Таза мінсіз асыл тас» өлеңі Байтұрсыновтың ақталып, творчествосының халқымен қайта қауышуымен байланысты ұлы тұлғаның аудармасы екенін қалың жұртшылық соңғы жылдар аясында ғана біле бастады. Әрине, І.Есенберлин білді. Сондықтан да авторларымен бірге саясат бұғауына тұншыққан рухани мұра, ұлағатты сөздерді ұрпақ санасына жеткізуді мақсат еткен жазушылық тәсіл деп білген жөн.
М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының оқиғасын пайдалануы да осы мақсатта болғанын «Жанталас» жарыққа шыққан кезде-ақ зиялы аға буын бірден түсінген. Яғни, бұл тұста да образ жасаудың, сюжет құрудың, идеялық мақсат қоюдың ізденісін көреміз. Жазушы суреттеп отырған кезеңнің ыңғайына орайластыра Асан Қайғының аузына:
Сұмырай, сұрқия, сұм заман,
Шаққалы тұрған сұр жылан.
Өткені емес халқымның,
Болашағы шер-мұңым…
-деген сөздер салса, Қазтуғанның аузына:
Алаңда, алаң, алаң бар,
Бата алмай жау алаңдар.
Сақтан шыққан Кейсақ бар
Қайсақ-қайсақ боп,
Қыпсақ қыпшақ боп
Он екі атаға таралар,
—деген тәрізді жолдар салады.
Рас, қазақ әдебиетінің тарихында айтыс – көне дәуірден келе жатқан жанр. Алайда, суреттеліп отырған кезеңдсгі Қотан Қазтуған сияқты ақындардың артында қалған айтыс үлгісі жоқ. Бұл да жазушы қиялынан туған көркемдік болжалы екені сөзсіз.
Халықтың көне тарихының көп сорабы жыраулар жырының ақындар толғауының сорабында жатқандығын Қотан жыраудың аузына салған мына жолдар арқылы аңғартады:
Жусанды деме қараған,
Жұлдызды жарық ай деме,
Қытайдан шығып тараған,
Хунуға қарсы қол шықса,
Жорықта болған маймене
А-лунь-Арғын руы,
Қыпшақпен қатар жаралған…
Таным-түсінік түрғысынан терең философиялық ой түйінімен өрнектелген бұл өлең арқылы қарт жыраудың сонау көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа карай хунулар (гунндер) аттанғанда Арғындар түркі тұқымдас елдермен бірігіп бас көтергенін, ақыры Этиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі жоңғар тауына қарай көшіп, хунулар өтіп кеткеннен кейін, Жетісуға келгенін асқақтата жыр етуімен баяндалады. Бұл автордың көркемдік болжауы мен әрлеуінен туған шумақтар деуге болады. Өйткені Қазтуған аузымен айтылатын өлең де, Қотан жырау толғауы да бұл ақындардың жинаққа кірген шығармаларының ішінде кездеспейді. Қотан жыраудың аузымен айтылатын сөздерге жазушы философиялық салмақты жүк артқан.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

w

Connecting to %s