Лебіздер легі

с

Ілияс Есенберлин туралы пікірлер мен естеліктер

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлтының рухын оятқан жазушы Ілияс Есенберлин туралы, оның шығармашылығы жайындағы танымал тұлғалардың ой-пікірлері мен естеліктерін ұсынамыз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен орын алатын дара тұлға.

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ:
Адамның да, ақынның,
Еңбекқор бiрi сен едiң.
Ауыртпай жанын жақынның,
Ақырын жылжып жөнелдiң.
Қадiрiң жұртқа мол едi,
Iзiңдi ұрпақ суытпас.
Сен қалдырған өнердi,
Алғысшыл халқың ұмытпас!

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:
Есенберлин Ілияс қызық еді,
Ерейменнің сілемі,
Үзігі еді.
Арктика мұзындай тақырыпты
Алғаш рет ол өзі бұзып еді.
Болса егерде алдында үлгің мықты,
Бір күн емес,
Ойлайсың мың күндікті.
Тығырықтан шығатын,
Тұйықтан да ол,
Пайдалана білетін мүмкіндікті.
Жаратпайтын жосықсыз қысылғанды.
Жақсы көрді сыйлыққа ұсынғанды.
Түсінде де таласып «достарымен» –
Тағдыр солай –
Ол әбден ысылған-ды.
Арғымағы болса да арық тіпті,
Аламанда, әйтеуір, жарып шықты.
Тірескеннің біразы шыдамады,
Тізесі де қатты еді жарықтықтың!
Саялайтын кісісін саялайтын.
Аялайтын адамын аялайтын.
Ағайын деп жатпайтын,
Ағайынды
Аямайтын жерінде аямайтын!
Елім дейтін, әйтеуір, жерім дейтін.
Ер үстінде ешкімге берілмейтін.
Жазуға да, әрине, жалықпайтын,
Егеске де – шіркін-ай!- ерінбейтін!
Бұл мінез ғой…
Негізгі қоғам қамы –
Шежіреге шежіре жамалғаны.
Кім болғаның емес-ау – керегі елге,
Керегі елге – артында не қалғаны!
Тарихқа да қажеті – не қалғаны.
Түк қалмаса – адамның жоғалғаны.
Ерлігіңді елемеу – қиянат та,
Еңбегіңді ескермеу – обал дағы!
Сызат көрсе біреулер жарық десті,
Сырқат көрсе біреулер ғарып десті.
Кемеңгер бір жазушы деген оны
Көрмедім-ау бір де бір әріптесті.
Жатырқамай жақсыңды,
Жымысқыңды,
Жабылды да
Жұмыла жұмыс қылды.
Ақылы бар оқырман
Ақ шағылдан
Ажыратып алады күміс құмды.
Әр сөзді, рас, оймыштап отырмады.
Дей алмайсың алайда опырмады.
Кірпіш томдар қамалдай көтеріліп,
Қалды астында кітаптың Оқырманы.
Мұның бәрі еңбек-ті
Азап еді!
(Бір-біріне ағайын таза ма еді?!)
Томыңнан соң қылғытты томдарыңды
Тарихына шөлдеген қазақ елі.
Есенберлин Ілияс қызық еді.
Ескі таудың сілемі,
Үзігі еді.
Арктика мұзындай тақырыпты
Алғаш рет ол өзі бұзып еді!..

Құныпия АЛПЫСБАЕВ: Ілияс Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат бар. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен шығармашылық қиялдың тамаша синтезі деуге болады.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Есенберлиннің кітабы әлі күнге сөреде жатып қалған емес. Жұлдызы сөнбеген жазушы деп осындай қаламгерді атар болар. Әсіресе 15 ғасырдан берідегі тарихымызды толғай жазған «Көшпенділері» Тәуелсіздік жылдарының өзінде сан мәрте басылып лезде қолдан қолға тарап кетті.

Қабдеш ЖҰМАДІЛ, жазушы: М. Әуезовтен кейінгі қазақ әдебиетінің көшбасшысы. «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы», «Көлеңкеңмен қорғай жүр». Бұл қажырлы қаламгер халқына қалдырған шексіз мұраның бір бөлігі ғана. Жазушының 80, 90, 95 жылдықтары атаусыз қалды. Енді ұлы тойды 100 жылдан күтеміз. 100 жылдықта үлкен дайындық болатын шығар деп ойлаймын.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы: Есенберлин туындыларының өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші, біз өзіміздің тарихымызды біле бастадық. Кенесарының кім екенін, Абылайдың кім екенін біле бастадық. Біздің тарихи танымымызды оятты бұл кісі. Екіншіден, интеллигенттік прозаны суреттеп бізге көрсете білді.

Дильфруза ЕСЕНБЕРЛИНА, жазушының қызы: Есте қалғаны, оның бізге деген шексіз махаббаты, сауаттылығы мен әділеттілігі.

Құрметолла МҰХАМЕТХАНҰЛЫ: Ұлы Отан соғысында жаумен, одан кейінгі ғұмырында қазақ тарихын тұмшалаған даумен арпалысқан Ілияс Есенберлин қос майданда да Ұлы жеңіске жетті. Әсіресе «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» сынды үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы қазақ санасындағы өрлікті көркем сөзбен оятты. Тарихымызды танытты. Осы кітап үшін Есенберлин көрген озбырлықты, оған Қонаевтың қалай қорған болғанын Әлжаппар Әбішев «Шерлі шежіресінде» анық жазған болатын.

с

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s