Ілияс Есенберлин

0_418a0_e8e48a54_S

Ілияс Есенберлин- қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті  мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Өз естеліктерінде “Көшпенділерді” жазғандағы себебін: „…қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихтарынан айрылған сияқты. „Көшпенділер“ – әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады“- деп,  жан сырын ашады.

Жарты әлемге аты мәшһүр “Көшпенділер” трилогиясы ел президенті  Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылған».

Ең бастысы, Ілияс Есенберлин — бүгінгі және кешегі күннің үздік туындысы- «Көшпенділер» трилогиясының  тудырушысы. Трилогия — хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Трилогия жөнінде кезінде  терең зерттеулер жүргізген қазақ ғалымдары:  Р.Бердібаев пен Ш.Елеукеновтың еңбектерінде  «роман хроника» деп анықтама берілген.   Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Шығарма табиғатынан бір аңғарылатын нәрсе — жазушы әр кезеңдегі  тарихи деректер мен мағлұматтарды мол жинаған, ғалымдар еңбектерін барынша оқып танысқан, тереңдей зерттеген. Бұл тұста  жазушының тарихқа ұстанатын нысанының бір саласы — білім негізі тұрғысынан келсек, тарихи тақырыпқа барушы І.Есенберлиннің іздену, зерттеу барысында жинақтаған білім деңгейін пайымдауға болады. Бұл теңдессіз туындыны жазу үшін де  мол қайрат пен білімділік, ұшан – теңіз дарын керек екені мәлім. Шығармадан байқайтынымыз да осы: қайсар мінез, қажырлы еңбек, тұңғиық білім негізімен ұштасқан жазушы болмысы. Жазушының баяндау тәсілі, кейіпкер толғанысы, психологиясы арқылы берілетін ой қорытулар, философиялық түйіндер осыны көрсетеді.

Бұл трилогия  тарихи аңыз қаһармандарының портретінен бастап көркем суреттеліп, аса шеберлікпен жазылған. Тарихи оқиғаларды осылай жазба әдебиеттің қажетіне жарату І.Есенберлин сияқты ұлы қаламгердің ғана шеберлігіне байланысты деп білеміз. Елбасымыз айтқандай: «Осы туынды арқылы  аса көрнекті жазушының шығармаларын қастерлеушілер мен  бағалаушыларға, біздің тарихымызды қымбат көретін барша жұртшылыққа  бұл шығармаға жаңаша — ежелден азаттыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріледі. Бүгінгі күні бұл трилогияны қайта-қайта оқи отырып, біз керемет қырағылықпен ата-бабаларымыз – Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандарымыз, Наурызбай, Қобланды батырларымыз, Төле би, Асан қайғы, Бұқар жырау даналарымыздың егемендігіміз үшін жасаған үлкен еңбектерін түсіне аламыз. Бұл адамдар және олардың серіктестіктері мен ізбасарлары өз елін шексіз сүйді, оның болашағына сенді, осынау көкейкесті мұратқа жету үшін аянбай күш — қайрат жұмсады. Ендігі жерде  жастар бұл шығармадан рухани мықтылықтың, адамгершілік пен отаншылдықтың үлгісі мен тағылымына  мөлдір бұлақтан су ішкендей қана алады. Ал енді аға ұрпаққа келетін болсақ, кітапты қайталап оқып шыққаннан кейін олар өздері осыдан біраз ғана бұрын байыбына бара алмастай көрінген көкейкесті сұрақтардың көпшілігіне жауап таба алады. Олардың ең бастысы, жеке және ортақ мүдделері үйлесім тауып біріккен халық, өзін түлетіп өсірген жерге адал берілген халық тауды қопарып тастауға,  ең қиын мәселелерді  шешуге қабілетті екендігін түйсінуде болса керек»- деп, тарихи туындыны аса жоғары бағалаған екен. Ол өз күнделігіне былай деп жазған: «Жазушы алыста қалған уақытты  тарихи зерделеумен  ұзақ айналысқан кезде, өтіп кеткен адамдар мен  оқиғалар оның санасында  қайта тіріліп, ол еріксізден осының бәрінен  тек адамды ғана көреді. Менде де осылай болды. Кенесары ханға қатысты XIX  ғасыр оқиғаларын зерттей келе, мен осы өткен тарихи оқиғалардың бәрінен де қасіретті адамның тұлғасын көрдім. Ол маған бүкіл күрделі мінезімен, табыстарымен, сәтсіздіктерімен көрінді де, мен ол жайында роман жазып шықтым. Ақтаған да, қаралаған да жоқпын, өмірде қалай болса, солай етіп жаздым»-деген екен. Шынымен де, кітапты түгелдей оқып шыққан адам жазушының шығарманы жазудағы ой тебіреністерін сезіне алады.

Ілияс Есенберлин өз өмірінде артқыға жетерлік мол қазына жазып қалдырды. Шынымен де біз оның осы шығармасын оқи отырып, бұрын тек тарихтан ғана есімдерін біліп, ерлік істерімен ғана шектелетін батырларымыздың  өмір тұрмысын, арғы тарихы мен терең сырларын біле аламыз. Сонымен қатар  туындыдан жазушының көңіл-күйі мен болмысы да көрінеді. Шығармадағы тарихтың әр сәті өте көркем әрі дәл суреттеледі. Сонда жазушы осындай кішігірім сәттерді қалайша дәл жазғандығына таң боламыз. Бұл да болса  қаламгердің асқан дарындылығының куәсі. Шынымен де, ол өз заманын болашақ заманы, ұрпақ өмірі деп білген, сол себепті өткен өмірдің баға жеткісіз  деректерін көркем әрі түсінікті тілде  ұрпаққа жеткізген. Міне, жазушы сыры, жазушы болмысы дәл осылай болған. Еліне деген, өмірге деген ыстық сүйіспеншілік оның осы туындыны жарыққа шығаруына септігін тигізген болса керек. Не десек те біз, кейінгі ұрпақ, оның осынау тағылымынан үлгі алып, ұлт жауһарларын қадірлей білгеніміз жөн. Себебі, бұл — ерлік белгісі, ұлт болып ұйысудың алтын діңгегі, халықтың асыл мұрасы. Ол өз сөзінде: « Бұл арада барлық мәселе жазушының жеке басына келіп тіреледі. Ол өмірден нені көрсе, өмір, адамдар жайында нені біліп, нені пайымдаса, жадында нені ұстаса, неге алаңдаса, азаматтық, адамгершілік көзқарасы қалай болса, оның шығармашылығы да солай болады» — деген. Демек, бұл трилогия- жазушының да көрген — білгені,  білімі мен адамгершілік көзқарасы.

«Көшпенділер» — тарихи трилогия. Оның ең алғашқы жазылған  бөлімі- трилогияның үшінші кітабы- «Қаһар» екені, одан кейін «Алмас қылыш» дүниеге келгені белгілі. Ең соңында басылып шыққан «Жанталас»- «Алмас қылыш» пен «Қаһар» бөлімдерін жалғастырушы. «Жанталас» романының кітап болып шығу тарихын көрсететін деректер «Жұлдыз» журналының 1990 жылдың бірінші санында қаз-қалпында жарияланды.

Ілияс Есенберлин шығармалары ұлттық рухани өміріміздің, өткеніміздің айнасы болды деп толықтай айта аламыз. Өйткені,  біз өткеніміз туралы осы кезге  дейін там-тұмдап қана дерек білген болсақ, «Көшпенділер» трилогиясы елдік дәстүріміз бен талай ұзақ ғасырларға созылған, шытырманға толы  тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш таныстыра алды. Бұл шығармалардан тіпті  тарихи еңбектерде әлі шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей, шашыранды  түрде жатқан мағлұматтардың  бір жүйеге түскен желісін көрдік. Міне осындай тарих пен аңыздың, қиялдың бірлестік табуы  трилогияның өзгеше бітімін белгілеген. Атап өтерлік бір нәрсе сол — трилогияда хандардың қаталдығы, үздіксіз соғыстары, бейбіт елдің берекесін алып, шаруашылығын күйзелткені ғана емес, қарапайым халықтың күштілерге қарсы ауық-ауық жүргізген күрестері де, қалың елдің зорлыққа деген іште  тұнған наразылығы да көрініс берген. Қаламгердің әрбір сәтті ерекше көркемдікпен сипаттайтыны жеке тұлғалардың кескін-келбетін сипаттағанда анық көрінеді. Мысалы: «Абылай қазір қырықтан асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қарасұр, түсі суық адам. Үлкен ойлы көздері  кісіге қарағанда  өңменнен өткендей ызғарлы» — деп суреттеген.  Жазушы шығармада Абылай бейнесін тарихи шындыққа сәйкес жасауға бар өнерін салғаны көрініп–ақ тұр. Осындай бейнелеулер  трилогияда көптеп  кездеседі

Сонымен, Ілияс Есенберлин — тарихқа  өлшеусіз үлес қосқан  «Көшпенділер» трилогиясын тудырушы. Оның осы туындыны жазудағы асқан шеберлігін біз жиі кездестіре бермейміз. Сол себепті кез келген адам ұлы жазушының мұрасынан  ұлағат алып,  оның шығармасымен сусындауы керек. Ілияс Есенберлин өз күнделігінде былай жазады: «Мен қазір неліктен тарихқа көп ден қойып жүрмін? Қазіргі өмір маған қызық емес болғандықтан ба? Жоқ, мүлде олай емес! Мен осы күнімді, қазіргі өмірімді  сүйемін, өйткені бүгінгі күн — менің ұрпақтарымның өмірі. Мен қазір арттағы  ғұмырға үңілемін, өйткені солай еткенде менің әуестігім, менің дүниетанымым, тереңірек, мазмұндырақ  бола түседі. Мен өмірді білмеген, тарих жайында ойламаған кезде болса бір басқа, ал қазір… Ағаш биіктеп өскен сайын, оның тамыры да жерге  бойлап, тереңдей түспей ме, адам да солай. Ол болашақ туралы  көбірек толғанған сайын, өткен тарихы жайында  көбірек білгісі келеді. Онсыз болашақты құруға болмайды»- деп, өзінің осы шығармаға арқау болған ұлы сезімдерін ақ қағазға жазған екен. Шынында да оның асыл сөздері де, ұрпаққа қалдырған қазынасы да біздің еншімізде. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу аға буын мен кіші буынның  міндеті.

0_418a0_e8e48a54_S

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s